АҚШ пен Иран арасындағы бітім жайлы мәлімдеме мұнай бағасын төмендетті

258

Иранда екі апта атысты тоқтату туралы хабардан кейін әлемдік нарықта мұнай мен мұнай өнімдерінің бағасы құлдырай түсті.   

АҚШ пен Иран арасындағы бітім жайлы мәлімдеме мұнай бағасын төмендетті Фото: Novyny live - Новини.LIVE

Brent маркалы мұнайдың фьючерстері шамамен барреліне 95 доллар деңгейінде саудаланды. Бір күн бұрын оның бағасы шамамен 110 доллар болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

Trading Economics платформасының мәліметінше, шикі мұнай бір тәулікте 14%-ға арзандап, барреліне 96 долларға дейін түсті. Мазут бір тәулікте 17%-ға арзандады, ал бензиннің бағасы шамамен 10%-ға төмендеген.

Қара алтын құнының төмендеуі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысындағы екі апталық бітім туралы мәлімдемеден кейін байқалды. Бұдан бөлек әлемдік нарықтар жақында Иран Ормуз бұғазын ашуы мүмкін деген ақпаратқа да айтарлықтай әсер етті. Ормуз бұғазы Парсы шығанағындағы елдерден әлемнің басқа өңірлеріне мұнай жеткізетін ең маңызды бағыттардың бірі болып саналады.

7 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға жасалған шабуылдарды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл шешім Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге шабуыл жасамаған жағдайда ғана мүмкін болады. Ақ үй басшысының айтуынша, екі ел арасындағы делдал болып отырған Пәкістан одан осындай қадамға баруды сұраған.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи де елдің қарулы күштері қарсы тарап шабуыл жасамаса, қорғаныс операцияларын тоқтататынын растады. Ол алдағы екі аптада Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуіне Иран қарулы күштерімен келісім арқылы мүмкіндік берілетінін, бірақ техникалық шектеулер ескерілетінін атап өтті.

Бұл ретте Израиль де бітімді қолдайтынын хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу