Қос компания Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты вольфрам кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге қол қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Инвестиция көлемі шамамен 1,1 млрд АҚШ долларын құрамақ. Құжатқа Вашингтондағы C5+1 саммиті аясында "Тау-Кен Самұрық" басшысы Нариман Абсаметов және Cove Capital компаниясының бас директоры Пини Алтхаус қол қойды.

– "Солтүстік Қатпар" жобасы бойынша түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу бойынша дайындық жұмыстары басталды. Соның ішінде Қазақстанда аммоний паравольфраматын (ұнтақтар, тозуға төзімді бөлшектер және т.б. арнайы вольфрам өнімдерін өндіруге арналған металлургиялық қайта өңдеу өнімі) өндіру қуаттарын құру мәселесі де қарастырылуда, – делінген "Самұрық-Қазына" Қорының ресми телеграм арнасында.
Солтүстік Қатпар мен Жоғарғы Қайрақты – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі, мұнда JORC стандарты бойынша вольфрам қоры 410 мың тоннаны құрайды. Жобаны іске асыру отандық тау-кен саласын дамытуға елеулі үлес қосады деп болжануда.
Еске салайық, Cove Capital компаниясы 2015 жылы құрылған. Компания биофармацевтика, жаңартылатын энергия көздері және тау-кен өнеркәсібі салаларына инвестиция құяды. Бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан.