АҚШ пен Қытай басшылары әскери күштер арасындағы тікелей байланыс арналарын қалпына келтіруге келісті

340

Ол 2022 жылы Конгресс спикерінің Тайваньға сапарынан кейін ажыратылды.

АҚШ пен Қытай басшылары әскери күштер арасындағы тікелей байланыс арналарын қалпына келтіруге келісті Фото: reuters.com

АҚШ пен Қытай басшылары әскери күштер арасындағы тікелей байланыс арналарын қалпына келтіруге келісімін берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC жаңалықтарына сілтеме жасап.

Бұл АҚШ президенті Джо Байден мен Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпиннің Сан-Франциско қаласында өткен кездесу нәтижелерінің бірі. Кейбір ақпарат көздеріне сәйкес, Қытай басшысы американдық әріптесін Қытай Тайваньға шабуыл жасамайды деп сендірді.

Қытай мемлекеттік баспасөзінің хабарлауынша, әскерилер арасындағы байланыс туралы келісімнен бөлек, Байден мен Си жасанды интеллект саласында және есірткі бизнесіне қарсы күресте ынтымақтастық жасайтын жұмыс топтарын құруға уәде берді.

Сонымен қатар, Байден мен Си сыртқы және кеме қатынасы қауіпсіздігі саясаты бойынша "Диалог механизмдерін" құруға, сондай-ақ, рейстер санын, екі елдегі алмасу студенттерінің санын көбейтуге келісті.

Қытай лидері АҚШ-қа Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммитіне қатысу мақсатында ұшып келгенін атап өткен жөн. Бұдан бөлек, Си Цзиньпинмен кездесудің басында Байден Қытай мен АҚШ-тың келіспеушіліктері бар, бірақ олар әрқашан диалогты сақтауы қажет деп мәлімдеді.

"Мен біздің әңгімемізді жоғары бағалаймын. Себебі, сіз және мен бір-бірімізді көшбасшы ретінде жақсы түсінуіміз қажет деп есептеймін. Бұл ретте біз ешқандай қателікке жол бермеуіміз керек. Сонымен қатар, бәсекелестіктің қақтығысқа ұласпауын қамтамасыз еткеніміз жөн және бұл бәсекелестікті жауапкершілікпен басқарғанымыз абзал", - деп қосты Джо Байден.

Сондай-ақ, ақ үй басшысы көшбасшылардың өз қауымдастықтары алдында бірлесіп жұмыс істеуге, соның ішінде климаттың өзгеруі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруға және жасанды интеллект тәсілдеріне жауапты екенін мәлім етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу