Америка Құрама Штаттары мен Қытай Глазгодағы климаттық конференцияда (СОР26) бірлескен декларация қабылдады, деп хабарлайды Inbusiness.kz АҚШ президентінің климат жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри мәлімдемесіне сілтеме жасап.
"Бұл декларация алғашқы қадам екенін атап өткім келеді. Мұндай бастаманың әрқайсысы маңызды және біз осы орайда әлі де жұмыс істеуіміз керек", – деді ол.
Керридің айтуынша, декларация ең алдымен Глазго конференциясының міндеттемелеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
"Бірақ біз климатқа келетін зиянды азайтуға күш салуымыз керек, метан шығарындыларын азайту бойынша көрсеткіштерге тезірек қол жетуіміз керек", – деп сөзін түйіндеді Керри.
31 қазанда Глазгода БҰҰ-ның климаттық конференциясы басталды. Ол 12 қарашада аяқталады. Оған 200-ге жуық мемлекеттің делегациялары қатысуда. Шотландияның бұл қаласында тараптар Париж климаттық келісімін жүзеге асыру туралы мәселелерді талқылайды.
Табиғат Нұрболат