АҚШ пен Қытайдың арасына жік түсуі мүмкін

Вашингтон Бейжіңге 50% көлемінде баж салығын енгізуді жоспарлап отыр. 

АҚШ пен Қытайдың арасына жік түсуі мүмкін Фото: russiancouncil.ru

Десе де, мұндай санкция егер Қытай Иран тарапына әскери көмек көрсететін болса ғана жүзеге асады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осылайша, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайға қатысты қатаң экономикалық шаралар енгізу мүмкіндігін растады. 

Ақ үй басшысы аталған шектеулер тек Қытаймен шектелмей, Иранды қолдауы мүмкін басқа мемлекеттерге де жасалуы ықтимал екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – АҚШ-тың Таяу Шығыстағы қауіпсіздік саясаты мен одақтастарын қорғауға бағытталған іс-шара.

Осыған дейін бірқатар батыстық ақпарат құралы "Қытай Иранға қару жеткізуі мүмкін" деген болжам жасаған еді. Десе де, Қытайдың Вашингтондағы елшілігі бұл мәліметтерді үзілді-кесілді жоққа шығарып, Бейжің ешбір қақтығыс тарапына әскери көмек көрсетпегенін мәлімдеді. Ресми Қытай билігі өз позициясын "қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу" қағидаттарына негіздейтінін алға тартады.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай мәлімдемелерден соң АҚШ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық текетірес жаңа кезеңге өтуі мүмкін. Әсіресе, 50% тариф енгізу ықтималдығы жаһандық жеткізу тізбектеріне, энергия нарығына және шикізат бағасына қысым түсіруі мүмкін.

Бұл өз кезегінде дамушы елдер экономикасына да әсер етпек. 

Сонымен қатар, мамыр айында Трамптың Бейжіңге сапары жоспарланып отыр. Кездесу барысында тараптар сауда қатынастары, технологиялық шектеулер және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Бұл келіссөздер шиеленісті бәсеңдетуге мүмкіндік беруі де, керісінше жаңа талаптар қою арқылы қарым-қатынасты ушықтыруы да мүмкін. 

Жалпы алғанда, Вашингтонның мұндай ықтималды шешімі Иран төңірегіндегі геосаяси ахуалдың күрделене түскенін және ірі державалар арасындағы бәсекенің күшейіп отырғанын көрсетсе керек-ті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу