Босқындарды тоқтатуға арналаған бөгеттердің биіктігі шамамен 10 метрге жуықтайды. Әзірге құрылыс 8 үлгілік нұсқа бойынша салынып жатыр. Бұл туралы АҚШ-тың кеден қызметінің мамандары мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Айтуларынша, бұл үлгілердің төзімділігі тексеріледі және шекара қызметінің талаптарына сай келетіні алдағы құрылысқа қолданылады.
"Шекараның қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуге бір табан жақындадық. Оған қоса, көші-қон қызметінің жұмысын жетілдіру үшін өндірістік саланы да барынша жұмылдырып жатырмыз. Үлгілердің беріктігін сынауға жеке сектор да үлес қосып келеді", - дейді АҚШ кеден және шекара қызметінің басшысы Рой Виллариал.
Айта кетейік, АҚШ пен Мексика арасындағы шекараны қорғанмен бөлу – президент Дональд Трамптың сайлау алдында берген уәдесінің бірі. Сарапшылардың айтуынша, құрылыс құны 22 миллиард долларды құрайды. Жобаның алғашқы кезеңін АҚШ мемлекеттік бюджетінен қаржыландырмақ. Әуелде президент қорған шығынын Мексика тарабына төлететінін айтқан.