АҚШ пен Жапония америкалық зымырандарды бірлесіп құрастырады. Екі ел осындай келісімге келді, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
AMRAAM зымыраны – тараптар пайдаланатын F-35 жойғыш ұшақтарының негізгі қаруы. Оның көмегімен әуе нысандарын алыс қашықтықтан жоюға болады.
Тараптар аталған мәселеге қатысты 2 жыл үздіксіз келіссөз жүргізген. Жоспар бойынша өндіріс орны Күншығыс елінде ашылады.
2024 жылы бастама көтеріліп, кейін Mitsubishi Electric пен Raytheon компанияларының қолдауымен оның жүзеге асырылу мүмкіндігі зерттелді.
2026 жылдың сәуірінде талқылаулар аясы кеңейіп, қорытынды құрастыру мен тексеру жұмыстарынан бөлек, Жапонияда электронды плата жинақтарын өндіру мүмкіндігі қарастырылды.
Бұл тұста Бейжің Токио мен Вашингтон арасындағы әскери ынтымақтастық басқа мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмеуі керек деп мәлімдеді.