Санкция Кубаның бұрынғы басшысы Рауль Кастромен қатар оның отбасына да енгізілмек. Бұл туралы Құрама Штаттардың Мемлекеттік департаменті хабарлады.
Санкциялық тізімге енгізілгендерге АҚШ территориясына кіруге тыйым салынады. Құжатта Кастроның мыңдаған кубалықты себепсіз тұтқындады және саяси қуғын-сүргін ұйымдастырды деп жазылған.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Кастро Венесуэла билігіне, нақтырақ айтқанда Николас Мадуроға билікті репрессия, қорқыту және зомбылық арқылы нығайтуға көмектескен. Осылайша Куба қауіпсіздік күштері венесуэлалық әскерилермен бірлесе Венесуэладағы адам құқығын өрескел бұзған, деп жариялады ресми Вашингтон. Ал АҚШ тарапы болса, осы орайда венесуэлалықтарға билікті ауыстыруға көмектесу мақсатында дипломатиялық және экономикалық шаралар қолданатынын жеткізді.
Табиғат Нұрболат