Ресей әлеуметтік желідегі троллинг арқылы Чилидегі тәртіпсіздіктерге ықпал жасамақ болған. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті осындай мәлімдеме жасады. Чилидегі ереуілдер қазан айында басталған еді. Жергілікті халық ел экономикасындағы қазіргі ахуалға, нақтырақ айтқанда, метромен жүру ақысының көтерілуіне наразы.
Билік жол ақысын өсірмеуге келіскенімен, бас көтерулер тыйылар емес. АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті өкілінің хабарлауынша, Чилидегі тұрақсыздықты пайдаланып, әлеуметтік желі арқылы арандату және бұрыс ақпарат таратумен айналысқан күштердің әрекетін америкалық арнайы қызмет анықтаған. Федералдық органның дерегінше, Латын Америкасы елінің ісіне Ресей араласпақшы болған көрінеді.
Ресми Сантьяго бұл мәлімдемеге қатысты әзірге тіс жармай отыр.
Айта кетейік,бұған дейін Чилиде осы ереуілдерге қатысты төтенше жағдай енгізілген болатын. Бірақ ол ұзаққа созыла қоймады: 28 қазанда күші жойылды. Ресми дерек бойынша, тәртіпсіздіктер кезінде 1 мыңнан астам адам жарақат алған.
Толқулардан кейін ел президенті Себастьян Пиньера Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы елдері басшыларының кездесуін кейінге шегерген болатын. Bloomberg сарапшылары бұл шешім Қытай мен АҚШ сауда келіссөздерін тежеді деген пікірлер білдірді. Өйткені Вашингтон мен Бейжің тараптары осы саммитте бас қосып, бірқатар келісімге қол қоймақшы болған.
Табиғат Нұрболат