АҚШ, Ресей және Сауд Арабиясы мұнай нарығын бірлесіп ретке келтіреді

1100

31 наурызда ОПЕК+ келісімінің күші жойылды.

АҚШ, Ресей және Сауд Арабиясы мұнай нарығын бірлесіп ретке келтіреді

Ақ үй басшысы Дональд Трамп Вашингтон, Мәскеу және Эр-Рияд шикізат нарығындағы тығырықтан шығудың жолын бірлесе іздейтінін айтты. Оның сөзінше, ол Ресей президенті Владимир Путин және Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бен Салман әл-Саудпен осы мәселе жайында сөйлескен. 

Алдағы уақытта АҚШ-тың Энергетика министрі Дэн Бруйетт пен оның ресейлік әріптесі Александр Новак нарықтағы бағаларға қатысты келіссөздерді бастайды. 
Ескере кететін жайт, 31 наурызда ОПЕК+ келісімінің күші жойылды. Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы мәміле негізіндегі бұл құжат мұнай бағасын 60 доллар деңгейінде сақтап тұруға мүмкіндік берген еді. Бірақ жақында Эр-Рияд пен Мәскеу арасындағы пікірлер қарама-қайшылығының кесірінен келісім бұдан былай іске аспайтын болды: Ресей келісімдегі бұрынғы талаптарды қалдырып, тек 2020 жылдың екінші тоқсанына дейін ұзартуды ұсынған болатын, ал Сауд Арабиясы жылдың соңына дейін бір тәулікте өндірілетін мұнай көлемін 1,5 млн баррельге қысқартуды қалады. 

Шарт бұзылғаннан кейін, "қара алтын" бағасы күрт төмендеді. Оның үстіне коронавирус пандемиясы кесірінен шикізатқа деген сұраныс азайып, нарықтағы баға құлдырай кетті.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу