АҚШ Сирияға шабуыл жасады

862

АҚШ Сирияға шабуыл жасады

Жерорта теңізінен АҚШ-тың екі әскери кемесі Сирияның Шайрат әскери әуежайына "Томагавк" зымырандарымен 59 мәрте соққы жасады, деп хабарлайды айқын басылымы.

АҚШ әскерилерінің мәліметіне сүйенсек, соққы адамдарға емес, ұшақтар мен инфрақұрылымды істен шығару үшін жасалған. Кей дерекке жүгінсек, соққы кезінде біраз адам мерт болған. Алайда нақты мәлімет жоқ. Ресми Вашингтон: "бұл соққы 4 сәуір күні Идлиб аймағындағы Хан-Шейхун шаһарына химиялық шабуыл жасағандарға қарсы бағытталды. Өйткені шабуыл осы маңнан ұйымдастырылған", – деп хабарлады.

Еске сала кетейік, 4 сәуір күні Хан-Шейхун шаһарына химиялық шабуыл жасалды. Соның салдарынан 150-ге тарта адам қаза тапты. Оның басым бөлігі балалар мен аналар. Бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде көтерілді. Талқыға салынды. Башар Асад билігі химиялық шабуылға қатысы бар деп айыпталды. Айыпталып қана қойған жоқ, химиялық шабуылға жауап беретіні, тіпті жазаға тартылатыны айтылды. Осыдан кейін-ақ АҚШ әскерилері президент Дональд Трампқа Сирияға қарсы әскери опреацияны бастау керектігін, ең болмаса, қанатты зымырандармен соққы беру керектігін айтқан. Ал кешегі "Томагавкпен" соққы беру соның басы болса керек-ті.

Сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған егер де АҚШ Сирия жерінде әскери соққыларын бастайтын болса, қолынан келгенше көмек беретінін мәлімдеп үлгерді. Алдағы уақытта жағдай қалай өрбиді? Әзірге белгісіз.

Башар Асадқа көмек беріп жатқан Ресей әзірге үнсіз. Өйткені Сирияның үкімет әскерлерінің химиялық қару қолданатынын Мәскеу күтпесе керек.

Бір сөзбен айтқанда, Сириядағы жағдай тіптен күрделене түсті деуге болады. Көп ұзамай Башар Асад тақтан кетуі де мүмкін. Өйткені 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіру үшін "Иракта химиялық-бактериялық қару бар" деген желеумен соғыс ашты. Ал дәл сол сценарий Сирияда да қайталануы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу