АҚШ-та "алтын карта" беретін сайт іске қосылды

156

Дональд Трамп АҚШ-та тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетіндер үшін арнайы сайт іске қосылғанын жариялады.    

АҚШ-та "алтын карта" беретін сайт іске қосылды Фото: newsarenaindia.com

"Алтын карта" алу үшін басты шарт біреу ғана: бағдарлама аясында АҚШ экономикасына кемінде 5 млн доллар инвестиция құйып, салық төлейді. Солай жұмыс орындарын аша алатын ауқатты және табысты шетелдіктерге тұруға рұқсат беріледі.

"Алтын карта" бағдарламасы алғаш рет ақпанда ұсынылған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Al Jazeera-ға сілтеме жасап. 

TrumpCard.gov сайты арқылы үміткерлер АҚШ-та тұруға рұқсат алу үшін өтініш бере алады. Порталда инвестор өз аты-жөнін, тұрғылықты жерін, электронды поштасын көрсету және өтінішті жеке тұлға немесе компания атынан беруді таңдауы қажет. Әзірге, алғашқы кезеңде үміткерлер тіркеледі.

Truth Social желісінде Трамп: "Маған мыңдаған адам хабарласып, әлемдегі ең ұлы ел мен ең үлкен нарыққа қалай кіруге болатынын сұрайды. Қазірдің өзінде күту тізімі ашылды", – деп жазды.

Сәуірде Трамп осы картаның үлгісін таныстырды – оның портреті бейнеленген алтын түсті пластикалық құжат. Жаңа бастама АҚШ-та бұрыннан бар EB-5 визасын алмастыруы мүмкін. EB-5 бағдарламасы бойынша қазіргі талап – $800 мыңнан $1,05 млн аралығында инвестиция салу.

Жаңа бағдарламада $5 млн төлемнен басқа талаптар әзірге жарияланған жоқ. Тек үміткерлердің арнайы тексеруден өтетіні жарияланды.

Еске салсақ, АҚШ заңнамасына сай, тұруға рұқсат алғандар 5 жылдан соң азаматтық алу үшін өтініш бере алады. Ол үшін ағылшын тілін білу, заң талаптарын сақтау және Конституцияға адал болуы шарт.

2025 жылдың қаңтарында Трамп туу арқылы азаматтық алу ережелерін шектейтін жарлыққа қол қойған еді. Оның айтуынша, АҚШ – осы ережелер қолданылған әлемдегі жалғыз ел.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу