АҚШ Көлік министрі Шон Даффидің мәлімдеуінше, елдің авиация билігі әуе қозғалысын басқарудың барлық өңірлік орталығына әсер еткен байланыс ақауына байланысты АҚШ әуежайларындағы барлық рейстің ұшуын уақытша тоқтатты, деп жазады BBC
"АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) мамандары оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Жаңа ақпарат түскен сайын жағдайдың өрбуі туралы хабарлап отырамыз", – деді министр.
Flightradar24 сайтының мәліметінше, қазіргі уақытта АҚШ әуежайларына бағыт алған 3,1 мың ұшақ әуеде жүр. FAA байланыс жүйесіндегі ақауға байланысты қауіпсіздік шарасы ретінде барлық рейстің ұшуы тоқтатылғанын хабарлады.
"Барлық рейс туралы мәлімет билік органдарында бар. Ал халықаралық рейстерге қатысты шешімдер әр жағдай бойынша жеке қабылданады", – делінген ведомство хабарламасында.
BBC-дің АҚШ-тағы серіктесі CBS телеарнасы бірнеше дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, рейстердің тоқтатылуына АҚШ-тағы диспетчерлік орталықтарды байланыстыратын жабық байланыс желісін жаңарту жұмыстары себеп болған.
CBS мәліметінше, бұл жүйеге L3Harris компаниясы қызмет көрсетеді. Жаңарту барысында жүйе қайта жүктеле бастаған, кейін толық істен шыққан. CNN телеарнасы ATC.com сайтының деректеріне сілтеме жасап, АҚШ-тың кем дегенде кейбір аймақтарындағы әуе қозғалысын басқару орталықтары ұшақтармен байланыс орнату мүмкіндігінен толық айырылғанын хабарлады.
CNN түсіндіруінше, диспетчерлік орталықтармен байланыс болмаған жағдайда ұшақтар көзбен шолып ұшу ережелеріне сәйкес қозғала алады. Алайда мұндай жағдайда рейстердің басым бөлігі ұша алмайды немесе басқа бағытқа жіберіледі.