АҚШ-та бойжеткен 4 жыл бойы бір күнді қайта-қайта бастан өткерген

Десе де, ұзақ емнен соң ол қалыпты өмірге оралып, жақында тұрмысқа да шыққан.

АҚШ-та бойжеткен 4 жыл бойы бір күнді қайта-қайта бастан өткерген Фото: ЖИ

Басынан алған жарақаттан кейін америкалық қыз бірнеше жыл бойы 2017 жылдың 13 қазанында өмір сүріп жатқандай күй кешкен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кейтлин Литтл туралы FOX8 басылымы жазды. Оқиға 2017 жылдың 12 қазанында мектептегі жүгіру жаттығуы кезінде тіркелген.

Дәрігерлер қыздың миы қатты шайқалғанын анықтаған. Жарақаттан кейін бойжеткеннің есте сақтау қабілеті бұзылып, жаңа оқиғаларды ұзақ уақыт бойы жадында сақтай алмай қалған. Соның салдарынан ол күн сайын оянғанда жарақат алған күннің ертеңіндегідей күйде болған.

Кейтлиннің ата-анасы қызының жағдайын жақсарту үшін бірнеше жыл бойы түрлі дәрігерге қаралған. Бірақ, мамандар оның жағдайының нақты себебін анықтап, тиімді ем тағайындай алмаған. Тіпті, дәрігерлердің бірі "бойжеткен мұны әдейі жасап жүрген болуы мүмкін" деп күмәнданған.

Ақыры қызына көмектесуден үміт үзбеген ата-анасы журналистерге жүгінген. Кейтлиннің оқиғасы телеарнада көрсетілгеннен кейін оның жағдайына түрлі сала мамандары назар аударып, көмек ұсынған. Осылайша, 2022 жылы бойжеткеннің денсаулығы біртіндеп жақсара бастаған.

Арада бірнеше жыл өткен соң Кейтлин өміріндегі жаңа кезеңге қадам басты. 2026 жылдың қазанында ол тұрмысқа шыққан. Ата-анасы үшін бұл ерекше қуанышты сәт болған. Себебі, олар қызының сауығуы үшін ұзақ уақыт күресіп, қиын кезеңде үнемі жанынан табылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу