Техас пен Вашингтондағы бірнеше ауруханада табылған Candida Auris деп аталатын зең инфекциясы емделмейтін болып шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
Инфекция алғаш рет 2009 жылы Жапонияда анықталған еді. Candida Auris қолданыстағы барлық дәрі-дәрмектерге төзімді. Пандемия кезінде ол әлдеқайда қауіптірек болып кеткен.
Зеңді жұқтырған науқастардың үштен бірі 30 күн ішінде қаза тапқан. Дегенмен олар басқа аурулармен ауырған, сондықтан зеңнің олардың өліміне тікелей себепші болғаны не болмағаны анықталып жатыр.
Мамандар Candida Auris аурухана ішінде таралған жағдайда оны жою қиын екенін айтуда. Дені сау адамдар үшін инфекция салыстырмалы түрде қауіпсіз. Бірақ иммундық жүйесі әлсірегендер зеңге шалдықса, олардың өліп кету қаупі жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, COVID-19 зең инфекциясының таралуын өршітіп жіберген.
Бұған дейін коронавирус пандемиясы антибиотикке төзімді бактериялар санының күрт өсуіне, сондай-ақ ауруханалардағы науқастардың Candida Auris зеңін жаппай жұқтыруына әкелуі мүмкін деп хабарланған болатын. Мутацияланған бұл зең көп жағдайда реанимациядағы адамдардың қайтыс себепші болатын көрінеді.
Табиғат Нұрболат