АҚШ президенті Дональд Трамп елдің электр желілеріне шетелден төнетін қауіпке байланысты төтенше жағдай жариялады. Ол АҚШ-тың энергетикалық жүйесінде шетелде өндірілген кейбір жабдықтарды пайдалануға тыйым салатын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл жарлық елдің энергетикалық жүйесіне төнген сыртқы қауіпке байланысты енгізіліп отыр. Құжатқа сәйкес, елдің энергетикалық жүйесіне кибершабуыл жасауға, диверсия ұйымдастыруға немесе маңызды инфрақұрылымның жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін шетелдік электр жабдықтарын сатып алуға және орнатуға тыйым салынады. Тиісті талап маңызды бағдарламалық қамтамасыз ету мен цифрлық технологияларға да қатысты қолданылмақ.
Шектеулер жоғары кернеулі трансформаторлар, күн және аккумуляторлық жүйелерге арналған инверторлар, генераторлар, өнеркәсіптік басқару жүйелері және оларға қатысты бағдарламалық қамтамасыз ету сияқты жабдықтарды қамтиды. АҚШ энергетика министрлігіне қазірдің өзінде қолданыстағы шетелдік жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларды әрі қарай пайдалану шарттарын әзірлеу тапсырылды.
Reuters мәліметінше, бұл Вашингтонның Қытайдан келетін технологиялық қауіптерге қарсы шараларының бір бөлігі болуы мүмкін. Бұған дейін кейбір қытайлық күн инверторларынан құжаттарда көрсетілмеген байланыс құрылғылары анықталған. Трамптың жарлығы Еуропалық комиссияның мемлекеттік қолдау көрсетілетін энергетикалық жобаларда қытайлық инверторларды пайдалануға тыйым салу туралы шешімінен кейін қабылданды.
Қазір АҚШ-та төтенше жағдай жариялауға қатысты 50-ден астам жарлық бар. Олар кибершабуыл қаупі, халықаралық есірткі тасымалы және заңсыз көші-қон сияқты қатерлермен байланысты. Мұндай жарлықтар президенттің әдетте қолдана алмайтын өкілеттіктерін кеңейтеді.