АҚШ-та сиыр еті қымбаттап, мал басы тарихи минимумға түсті

141

​АҚШ-та ірі қара мал санының күрт азаюы сиыр еті бағасының рекордтық деңгейде сақталуына себеп болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

АҚШ-та сиыр еті қымбаттап, мал басы тарихи минимумға түсті Фото: clear.ucdavis.edu

Мамандардың мәліметінше, елдегі ірі қара мал басы соңғы 70 жылдан астам уақыттағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Бұған негізгі мал шаруашылығы өңірлеріндегі қуаңшылық салдарынан жайылымдардың азаюы, сондай-ақ жанармай, еңбек күші мен техниканың қымбаттауы әсер еткен. Соның салдарынан көптеген фермерлер малын сатуға мәжбүр болған.

АҚШ-тың Еңбек статистикасы бюросының дерегіне сәйкес, бір жыл ішінде сиыр еті 11,8 пайызға қымбаттаған. Маусым айында ғана баға 1,2 пайызға өсті. Тартылған сиыр еті 12,4 пайызға, ростбиф 13,8 пайызға, ал стейк 11,4 пайызға қымбаттаған.

Қиындықты ірі ет өндіруші Tyson Foods компаниясы да растады. Компания бас директоры Донни Кингтің айтуынша, сиыр еті өндірісі күткен нәтижені көрсетпеген. Бұл бағыттағы шығын 138 миллион АҚШ долларына жетіп, сатылым көлемі 15,9 пайызға төмендеген. Ол мұны мал тапшылығының салдарынан өндіріс шығындары мен өнім бағасының өсуімен байланыстырды.

Сонымен қатар АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі тамыз айының соңынан бастап Мексикадан ірі қара мал импортын кезең-кезеңімен қайта іске қосатынын мәлімдеді. Бұған дейін жеткізілім жаңа әлем ет шыбыны тарататын аурудың таралуына байланысты тоқтатылған болатын. Импорт Аризона арқылы, шекаралас Мексика штаттарындағы эпидемиологиялық жағдай бағаланғаннан кейін қайта басталады.

Донни Кингтің сөзінше, Мексикамен шекараның қайта ашылуы алдағы уақытта мал жеткізілімін арттыруы мүмкін. Алайда қазіргі тапшылық мәселесін бірден шешпейді. Компания жағдайдың 2027 жылдан бастап біртіндеп тұрақтанады деп болжап, өндіріс тиімділігін арттыру мен шығындарды қысқарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу