Тәжікстан азаматы мен екі ресейлікке Ресей әскери күштері Украинада қолданған қос мақсаттағы тауарларды РФ-ға экспорттады деген айып тағылды. Бұл туралы америкалық Әділет министрлігіне сілтеме жасай отырып, Reuters хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.
Агенттік мәліметтеріне сәйкес, тәжік азаматы 52 жастағы Салимджон Насриддиновтың ресейлік төлқұжаты да бар. Тағы екі айыпталушы — Ресей азаматтары, 37 жастағы Николай Гольцев пен 32 жастағы Кристина Пузырева. Reuters агенттігінің хабарлауынша, олардың канадалық төлқұжаттары бар.
Үшеуі де санкцияларды бұзып, алаяқтыққа барған. Олар қамауға алынды. Бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ, айыпталушылар өз кінәсін мойындамай отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Насриддинов 31 қазанда ұсталды. Америкалық прокурорлардың айтуы бойынша, оның Бруклиндегі үйінен мыңдаған жартылай өткізгіштер мен басқа электроника тәркіленді.
Гольцев пен Пузырева Манхэттендегі қонақ үйде Насриддиновке бармақшы болған кезде ұсталды. Ерлі-зайыптылардан шамамен $20 мың қолма-қол ақша тәркіленді.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Насриддинов, Гольцев пен Пузырева бір жыл ішінде Ресейге жалпы құны шамамен $10 млн болатын 300-ден астам "қос мақсаттағы тауарлар" (жартылай өткізгіштер, чиптер және басқа да электронды компоненттер) партиясын жіберген.
Агенттік жазғандай, кейбір компоненттер Украинада қолданылған ресейлік дрондар, зымырандар мен танктерде табылған.
Тауарлар америкалық компаниялардан Бруклинде тіркелген SH Brothers пен SN Electronics фирмалары арқылы сатып алынды. Тергеу материалдары бойынша, Гольцев қорғаныс және технологиялық сектордағы ресейлік компаниялардан тапсырыс алды. Содан кейін, ол америкалық өндірушілермен атын өзгертіп, келісімге келген.
Тауарларды сатып алғаннан кейін, олар оны Түркия, Гонконг, Үндістан, Қытай және БАӘ делдал компанияларына жіберіп отырған, ал ол жақтан тауар Ресейге жеткізілген.
Прокуратураның айтуынша, айыпталушылар Ресей армиясына мақсатты түрде көмектесті. Бұған дәлел ретінде ведомство олардың хат-хабарларының үзінділерін келтіреді.
Олардың бірінде Насриддинов Гольцевке: "Отан қорғаушылар күні құтты болсын" деп жазды.
"Біз оны мүмкіндігінше қорғаймыз", - деп жауап берді ол.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл іс — Ресейге қатысты санкцияларды, экспорттық шектеулерді және басқа шараларды орындау үшін құрылған АҚШ Әділет министрлігінің KleptoCapture жұмыс тобы арқылы үйлестірілген көптеген істердің бірі.