АҚШ-та Вашингтондағы әуе апатынан 67 адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұшақ пен тікұшақтың соқтығысу себебі әлі анықталған жоқ.
American Airlines Bombardier ұшағы Рейган әуежайына қону кезінде Black Hawk әскери тікұшағымен соқтығысып, Потомак өзеніне құлаған. Ұшақта 60 жолаушы және 4 экипаж мүшесі болған. Ал тікұшақта 3 әскери қызметкер болған. Барлығы 67 адам қаза тапты.
Ұшақта Канзаста өткен мәнерлеп сырғанау чемпионатынан келе жатқан спортшылар мен жаттықтырушылар, соның ішінде бұрынғы ресейлік мәнерлеп сырғанаушылар Евгения Шишкова мен Вадим Наумов болғаны. CBS News дерегінше, ұшақ бірнеше бөлікке бөлініп кеткен, қазір 1,5-2,4 м тереңдікте су астында жатыр.
Ресурстың жазуынша, сенатор Мария Кантвелл қаза тапқандар арасында Ресей, Филиппин және Германия азаматтары болғанын мәлімдеді.
Апаттың себептерін зерттеу бойынша алғашқы есеп 30 күн ішінде дайын болады. Тергеушілер Bombardier CRJ700 ұшағынан дауыстық жазбалар мен "қара жәшікті" анықтады.