Өткен аптада АҚШ-тың көптеген штаттарында басталған аптап ыстық кем дегенде 27 адамның өмірін қиды, деп жазады inbusiness.kz cайты.
Washington Post газеті жазғандай, АҚШ-тың Калифорния, Невада, Аризона, Орегон, Вашингтон мее Айдахо сияқты штаттарында 146 миллионға жуық адам қолайсыз ауа-райын бастан кешіріп жатыр.
Лас-Вегас (Невада) қаласындағы термометр бағандары 48,8 градусқа, ал Барстоу (Калифорния) қаласында 47,7 градусқа дейін көтерілді. Рекордтық температура көптеген аймақтарда және негізінен АҚШ-тың батысында байқалады.
Метеорологтар аптаның соңына дейін ыстық ауа-райы сақталатынын хабарлады, сонымен қатар күннен сақ болу керектігін ескертті.
Америка билігі Калифорнияда 14 адам, Орегонда 10 адам, Мэрилендте 2 адам және Аризонада 1 адам аптап ыстықта қайтыс болды деп хабарлады. Денсаулық сақтау саласының мамандары ыстықтан қайтыс болғандардың қатарында 65 жастан асқан қарт адамдар ғана емес, жастар да бар екенін атап өтті.
Соңғы жылдары АҚШ-та аптап ыстықтан болатын өлім-жітімнің өсуі байқалды. Атап айтқанда, 2021 жылы мұндай жағдайлардың саны шамамен 1600, 2022 жылы - 1700, ал 2023 жылы - 2300 болды.