Миннесота штатындағы зоопаркте "Путин" атты жолбарыс өлді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Сәрсенбі күні хайуанаттар бағында медициналық процедураны жүргізу кезінде 12 жастағы амур жолбарысы жүрек жеткіліксіздігінен өлгенін қайғыра отырып хабарлаймыз. Ветеринарлар, мамандар және зоопарк бақылаушыларының ерлігіне қарамастан оны ажалдан арашалап ала алмадық", – деп жазылған Миннесота зоопаркі таратқан хабарламада.
Аталған хайуанаттар бағындағы жануарларды күту бөлімінің басшысы, доктор Тейлор Яудың айтуынша, сол күні жолбарыс медициналық тексерістен өтуге жіберілген.
"Бұл жолбарыстарды күту және сақтау бойынша маңызды әрі қарапайым медициналық процедураның бірі болатын. Біз мұндай зерттеулерді бірнеше апта бұрын жоспарлаймыз. Барлық қажет сақтық шаралары қабылданды, әрі команда жануарды құтқару үшін қолдан келгеннің бәрін жасады", – деді маман.
Жолбарыс 2009 жылы Чехияда туған. Ол АҚШ-қа көшпес бұрын Даниядағы зоопаркте 6 жыл тұрған.