Microsoft басшысы Билл Гейтстің айтуынша,Құрама Штаттардағы оқшаулану режимі 2022 жылға дейін созылады. Ол алдағы 4-6 айда эпидемиолгиялық ахуалдың тіптен ушығатынын, жағдай тек 2021 жылдың жазына қарай, яғни жаппай вакцинация басталғанда оңалатынын айтты.
Гейтс коронавируспен күрес жүргізу барысында қатаң оқшаулану режимі енгізіп, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына тыйым салу керектігін жеткізді.
"Болжам бойынша, тағы да 200 мың адам вирустан қаза табуы мүмкін. Егер біз маска тағып, ара-қашықтықты сақтасақ, бұның алдын алуға болады", - деді ол.
9 желтоқсанда Гейтс 2021 жылдың көктеміне қарай алты компанияның коронавирусқа қарсы вакциналары қолжетімді болады деп топшылаған еді. Оның сөзінше, келесі жылдың бірінші тоқсанында AstraZeneca, Johnson & Johnson, Novavax, Pfizer-BioNTech, Moderna компанияларының екпелерін жаппай қолдануға рұқсат беріледі. Гейтс препараттардың дамыған және дамушы елдерге бірдей көлемде үлестірудің маңызды екенін және вакцина 2022 жылға дейін індетті еңсеруге зор септігін тигізетінін айтқан болатын.
Табиғат Нұрболат