11 қыркүйектегі 2996 адамның өмірін қиған лаңкестік оқиға АҚШ тарихындағы ең ірі террористік шабуыл болып қала бермек. Дәл осы қайғылы оқиғадан кейін АҚШ Ауғанстан мен Иракқа басып кіріп, "терроризмге қарсы жойқын соғысты" бастады, деп жазады Inbusiness.kz.
Сонымен 2001 жылдың 11 қыркүйегінде он тоғыз лаңкес төрт топқа бөлініп, АҚШ-тағы негізгі төрт ғимаратты нысанға алды.
Басқыншылар бұл лайнерлердің екеуін Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда орталығына бағыттап, зәулім ғимараттардың күл талқанын шығарды. Үшінші лайнер Вашингтон маңындағы Пентагонды нысанаға алды. Ал төртінші ұшақ Пенсильвания штатындағы алқапқа құлады.
Осы оқиға кезінде 19 жанкештіден өзге 2977 адам мерт болды, тағы 24 адам із-түссіз жоғалып кетті. Қаза тапқандардың көбісі азаматтық тұлғалар болған. Бұл сол кезде Ауғанстанды мекендеген "Әл-Қағида" экстремистік ұйымының ісі еді.
2001 жылдың 12 қыркүйегінде АҚШ президенті Джордж Буш Нью-Йорк және Вашингтондағы террорлық әрекеттерге байланысты Америка халқына телевизиялық үндеу жариялап, барлау және құқық қорғау органдарының барлық ресурстарына теракт ұйымдастырушыларын тауып, жазалау жөнінде бұйрық берілгенін мәлімдеді.
Қайғылы оқиғаның ресми нұсқасы бірқатар журналистер, ғалымдар мен куәгерлердің тарапынан сынға ұшырап, тәуелсіз тергеулер өткізіліп, олардың кейбірінің желісі бойынша деректі фильмдер түсірілді.