АҚШ "тамаша мүмкіндікті" пайдалану үшін Зеленскийге деген наразылығын ысырып қоюға дайын

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Зеленскийге қатысты бірнеше жайтты ашық мәлімдеп отыр. 

АҚШ "тамаша мүмкіндікті" пайдалану үшін Зеленскийге деген наразылығын ысырып қоюға дайын Фото: news-pravda.com

Дональд Трамп кеше Украинадағы минералдық ресурстарды америкалық инвестицияға ашу жөніндегі келісімнің әлі де мүмкін екенін меңзеп өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл оның Киевке деген наразылығына қарамастан жүзеге асуы ықтимал. Трамп әкімшілігі мұндай келісімді АҚШ-тың соңғы үш жыл ішінде Украинаға қаржылай және әскери көмек ретінде бөлген ондаған миллиард долларын қайтарудың бір жолы ретінде қарастыруда. Әрі Трамп мұны "біз үшін тамаша мүмкіндік" деп сипаттаған.

Десе де, өткен аптада Ақ үйдегі Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасында болған жағдай бұл келісімнің болашағына күмән туғызған еді. Дүйсенбі күні Трамптан келісімнің күшін жойған-жоймағаны туралы сұралды. Ол мұның әлі де жүзеге асуы мүмкін екенін айтқан.

Қаңтар айында қызметіне кіріскен Трамп АҚШ-тың Украина мен Ресейге қатысты саясатын түбегейлі өзгертіп, Мәскеуге қатысты ұстанымы жұмсара бастады. Бұл қадам Киев пен Еуропадағы одақтастарын мейлінше алаңдатты.

Дүйсенбі күні Трамп "Зеленский АҚШ-тың қолдауына көп алғыс білдіруі керек" деп тағы да мәлімдеді. Бұған дейін ол Associated Press агенттігінің Зеленскийдің "соғыстың аяқталуы өте, өте алыс" деген сөзін келтірген хабарламасына ашулы реакция білдірген болатын.

– Бұл – Зеленский айтқан ең нашар мәлімдеме және Америка мұны ұзақ уақыт көтере бермейді! – деп жазды Трамп Truth Social платформасында.

Айта кетейік, ол Украина президентінің есімін басқа жазылу нұсқасымен қолданған.

Зеленскийдің Ақ үйден Трамп пен вице-президент JD Вэнс тарапынан жария түрде сынға ұшырағаннан кейін шұғыл шығып кеткені әлем жұртының назарында болды. Онда Зеленский Вашингтоннан минералдық ресурстар жөніндегі келісімге қол қоймай кеткен еді.

– Біз президент Зеленскийдің болған жағдайға өкінетінін, бұл минералдық келісімге қол қоюға дайын және бейбіт келіссөздерге қатысуға әзір екенін естігіміз келеді, – деп мәлімдеді Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц Fox News арнасына берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу