Бүгін, 14 желтоқсан күні түнде қазақстандық KazSTSat микрожерсерігінен ғарышта түсірілген алғашқы сурет алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Қазақстан ғарыш сапары" ҰК" АҚ-ның баспасөз қызметінен сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың 4 желтоқсанында Астана уақытымен 00 сағат 32 минутта Калифорниядағы Ванденберг базасынан Falcon 9 Block 5 зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол зымыран-тасығыш орбитаға шағын спутниктер мен кубсаттарды алып шықты.
Ұшырылған қазақстандық екі ғарыш аппаратының біреуі - KazSTSAT - салмағы 100 келілік технологиялық маңызды спутник. Шағын спутник SSTL-X50 алаңында құрастырылған. Орбитаның биіктігі – 542 шақырым. Спутникті 2015 жылдан бастап SSTL (Surrey Satellite Technology Ltd) ағылшын компаниясының базасында "Ғалам" бірлескен компаниясындағы қазақстандық мамандар құрастырған.
Қазақстанның екінші ғарыш аппараты – салмағы 5 келілік KazSciSat 1 кубсаты. Оны "Ғалам" бірлескен компаниясы (LLP Ghalam) құрастырған. Ғылыми наноспутник Жердің магниттік аумағын өлшеуге арналған. Оңтүстік Америка аумағының үстімен ұшып өткен KazSTSat Аргентинаның оңтүстігіндегі ірі кемежай – Рио-Гранде қаласын суретке түсіріп алған.