АҚШ Түркияны Швецияның НАТО-ға мүшелігін мақұлдауға шақырды

565

Швецияның НАТО-ға мүшелігін Түркия тарапы қашан мақұлдайды?

АҚШ Түркияны Швецияның НАТО-ға мүшелігін мақұлдауға шақырды Фото: Getty Images

Лондонда өткен Украинаны қайта қалпына келтіру конференциясында Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан АҚШ-тық әріптесі Энтони Блинкенмен кездесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты bbc.com-ға сілтеме жасап. 

Кездесуден кейін Түркияның сыртқы істер министрі Фидан: "Өздеріңіз білетіндей, біз барлық мәселеде ортақ көзқараста болмауымыз мүмкін, бірақ НАТО және басқа платформалардағы ұзақ мерзімді одақтастығымыз бізді бірге жұмыс істеуді жалғастыруға мәжбүр етеді" деді.

Блинкен болса, "Алдағы НАТО саммиті, Швецияның қосылу процесі, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық, энергетика және экономикалық ынтымақтастық" сияқты екі елдің шешуі қажет көптеген мәселелер бар екенін баса айтты.

Түркиямен бірге Венгрия да Швецияның НАТО-ға мүшелігін мақұлдауы керек.

АҚШ сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер Блинкеннің Түркияны Швецияның НАТО мүшелігін мақұлдауға шақырғанын айтты. Өткен айда да Блинкен осы ұсынысты ортаға тастаған. 

Ал Швеция сыртқы істер министрі Тобиас Биллстром да Стокгольмның Анкарамен келісім аясында алған міндеттемелерін орындағанын және түрік парламентінің Швецияның НАТО-ға мүшелік ұсынысын мақұлдайтын уақыты келгенін айтты.

Рейтер агенттігіне сұхбат берген Биллстром: "Бізден күткен нәрсені орындадық деп есептейміз, енді Түркияның парламенттік мақұлдау процесін бастаудың уақыты келді" деді. Сондай-ақ, Биллстром шілде айының ортасында Литвада өтетін НАТО конференциясына дейін Швеция мүше болады деген үмітте. Әзірге "В жоспары" жоқ екенін айтты.

Түркия тарапы Швециядан лаңкес деп таныған топ мүшелерінің қайтарылуын қалайды.

Швеция болса Түркиямен Мадридте жасалған үш жақты келісім аясында қысқа мерзімде жаңа заң шығару арқылы лаңкестік топтарды қаржыландыру немесе қолдауды қиындатқанын алға тартуда.

Айта кетейік, Швеция мен Финляндия өткен жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін НАТО-ға мүшелікке өтініш берді.

Финляндия сәуір айында НАТО-ға қосылды, ал Швецияның мүшелігі Түркия мен Венгрияның қарсылығына байланысты ратификацияланбады.

11-12 шілдеде Литваның астанасы Вильнюс қаласында өтетін НАТО көшбасшылар саммитіне дейін Түркия мен Венгрия Швецияның альянсқа қосылуын мақұлдайды деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу