АҚШ-тың бірқатар штаты келесі аптада Facebook компаниясына қарсы сот ісін жүргізуді көздеп отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлім етті. Жергілікті әкімшіліктердің пікірінше, әлеуметтік желінің иесі елдің монополияға қарсы заңнамасын бұзып отырған көрінеді.
6 қазанда АҚШ Конгресіндегі Өкілдер палатасының заң комитетінің монополияға қарсы саясат жөніндегі кіші комитеті 16 ай ішінде жүргізілген тергеудің нәтижелеріне қатысты 449 беттен тұратын баяндаманы жариялаған еді. Құжатта Amazon, Facebook, Google және Apple компаниялары бәсекелестік ережесін бұзып, нарықта монополиялық тактиканы ұстанып отыр деп жазылған.
20 қазанда АҚШ-тың Әділет министрлігі Google корпорациясына қарсы азаматтық іс қозғады. Биліктің пікірінше, бұл компания онлайн алаңдардағы бәсекелестікке нұқсан келтіріп отыр. Федералды биліктен бөлек 11 штат та корпорацияға шағым жасады.
Табиғат Нұрболат