Қазақстан азаматы АҚШ-тың Флорида штатында көші-қон қызметінің қызметкерлері тарапынан ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы алғаш рет Instagram желісіндегі salty_sssalt атты қолданушы жазған. Оның айтуынша, қазақстандық әйел 12 қыркүйек күні ұсталған.
– Достар, бүгін, 12 қыркүйекте үш баланың анасы, біздің құрбымызды ICE қызметі ұстады! – деп жазды желі қолданушысы.
15 қыркүйекте Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
– Қазақстан азаматы АҚШ-тың Флорида штатында елдің көші-қон заңнамасында көзделген заңды мәртебесі болмағандықтан ұсталды.
Қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың мемлекеттік органдарымен және ұсталған азаматтың отбасымен байланыста. Оған қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатыр, – делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Айта кетейік, ICE – АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметі. Бұл федералдық орган елдің иммиграциялық және кеден заңдарының сақталуын қадағалайды. Оның бөлімшелерінің бірі миграциялық талаптарды бұзған немесе елден шығарылуға жататын шетел азаматтарын іздеп, ұстайды. Кейін оларды өз елдеріне депортациялайды.