АҚШ-тың Иранды оқшаулау операциясы Қазақстанның мұхитқа шығу жоспарын бұзады

787

АҚШ Иранға қарсы "Economic Outcast" атты жаңа экономикалық науқан бастап кетті.  

АҚШ-тың Иранды оқшаулау операциясы Қазақстанның мұхитқа шығу жоспарын бұзады Фото: brokers.am

Вашингтон үшінші елдер мен шетелдік компанияларға да ескерту жасады. Иран экономикасының санкцияға түскен салаларымен жұмыс істегендер АҚШ қаржы жүйесіне қолжетімділігін жоғалтуы мүмкін. Жаңа қысым ең алдымен қаржы, технология, алтын, авиация және теңіз тасымалына бағытталған, деп жазады inbusiness.kz сайты DALA INSIDE-қа сілтеме жасап.

Дәл осылардың ішінен Қазақстанға теңіз тасымалы бағыты ауыр тиеді. Себебі, біздің Иранның Парсы жағалауындағы Бендер-Аббас портында терминал салуымыз теңіз тасымалы категориясына жартылай еніп тұр.

"Қазір Әділет және Сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстан Бендер-Аббаста терминал салу және оған құрлық арқылы баратын логистиканы күшейту жобасы осы шектеулерге заңдық тұрғыдан қайшы ма, қайшы емес пе соны анықтап алмақ. Құрылтай науқаны толық біткеннен кейін, АҚШ тарапымен жабық консультациялар басталады. Бірақ Вашингтон қатаң түрде жоқ десе, амал жоқ, Иранмен бұл тірлікті жаба тұруға мәжбүр боламыз", – дейді DALA INSIDE дереккөзі.

Осы жазда Қазақстан Иранмен Бендер-Аббастағы Шахид Раджаи портында өзінің көлік-логистикалық терминалын салу жөніндегі BOT-келісімге қол қойған еді. Келісім 27 жылға жасалған.

Алғашқы екі жылда Қазақстан терминал салып, соны 25 жыл пайдалануы тиіс еді. Терминал Қазақстанға Парсы шығанағы, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Африка нарықтарына тікелей шығу үшін керек.

АҚШ оқшаулау режимі толық күшіне енсе, бұл терминалды халықаралық деңгейде толыққанды пайдалану қиындайды. Шетелдік банк төлем жүргізуден бас тартуы мүмкін, халықаралық сақтандыру компаниялары кемелерді сақтандырмай қоюы ықтимал, ал ірі тасымалдаушылар мен инвесторлар secondary sanctions тәуекелінен қашады.

Демек, біз өзіміздің запастағы балама жобамызға қайта оралатын сияқтымыз. Үкімет бұған дейін Иран бағыты іске аспаса, Ауғанстан арқылы Пәкістанның терең су порттарына шығуды да қарастырған еді. Онда талибтермен ұзақ уақыт дос болуға тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу