АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқығы жөніндегі орынбасары Узра Зея Вашингтонның Қазақстандағы оқиғаларға алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеді.
Бұл туралы ол 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллинмен өткен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Біз Қазақстанда болған оқиғаларға қатты алаңдадық. Үкіметтің осы оқиғаларға қатысқандардың барлығын анықтап, жауапқа тартуға қатысты бүкпесіз жауабын қолдаймыз. Бірақ сонымен қатар мұның барлығы заңға сай жүргізілуі тиіс. Қазақстанда адам құқығының дамуын қолдаймыз. Менің ойымша, бұл мәселе қаңтар оқиғаларынан кейін өзекті бола түсті", – деді ол.
Сонымен қатар Зея Ресейге қарсы салынған санкциялар туралы мәлімдеме жасады.
"Барлық елдер Ресейдің Украинаға заңсыз, әділетсіз шабуылы салдарынан халықаралық дағдарысқа тап болды. Оған қарсы шектеу енгізген халықаралық қоғамдастықтың жедел жауабына куә болдық. Бұл шаралар санкцияның одақтастарымыз мен серіктестерімізге тигізетін әсерінен қорғауға бағытталған. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Біздің санкцияларымыз президент Путинге және Ресей Федерациясының кейбір адамдарына қарсы бағытталған. Бұл адамдар халықаралық саясатты тұрақсыздандырып отыр", – деді Зея.
11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші отырысы өтті.
Табиғат Нұрболат