АҚШ-тың тарихи шешімі ЮНЕСКО-ны таңғалдырған жоқ

371

Вашингтон ұйым құрамынан бірінші рет шығып отырған жоқ. 

АҚШ-тың тарихи шешімі ЮНЕСКО-ны таңғалдырған жоқ  Фото: UNESCO

ЮНЕСКО Бас директоры Одре Азуле АҚШ-тың ұйымнан шығу туралы шешіміне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты AZƏRTAC-ға сілтеме жасап.

Халықаралық ұйымның баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жариялады.

"Мен Президент Дональд Трамптың АҚШ-ты ЮНЕСКО құрамынан қайтадан шығару туралы шешіміне өкініш білдіремін. Бұл шешім 2026 жылғы желтоқсан айының соңында күшіне енеді. Бұл қадам сан қырлы қағидаттарға қайшы әрі ең әуелі АҚШ-тағы көптеген серіктестерімізге – Дүниежүзілік мұра тізіміне енуге, Шығармашылық қала мәртебесін алуға және университеттік кафедралар ашуға ұмтылатын қауымдастықтарға әсері болуы мүмкін", – деді ол.

Оның сөзінше, бұған дейін осындай шешім қабылдануы мүмкін деген болжам болған және ЮНЕСКО оған дайындалды. Қазір АҚШ-тың ұйым бюджетіндегі үлесі 8 пайызға тең. 

"Қазіргі кезеңде ұйым қандай да бір қысқартуларды қарастырып отырған жоқ", – деп атап өтті Азуле.

Ұйым басшысы АҚШ-тың 2018 жылы Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезеңінде де осындай себептермен ұйымнан шыққанын жеткізді. Одре Азуле қазір жағдай мүлде өзгерген деп отыр. Ақ үй өкілі айтқан Израильге қарсы және антисемиттік бастамалар туралы мәлімдемелер ЮНЕСКО-ның ұстанымдарына қайшы, деді ол.

Бас директор ұйым өз міндеттерін орындауды жалғастыратынын баса айтты.

АҚШ ЮНЕСКО құрамынан бірінші рет шығып отырған жоқ. 1984 жылы президент Рональд Рейганның кезінде де ұйымнан шыққан болатын. Кейін Вашингтон құрылымға 2003 жылы қайта оралды. 2018 жылы Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде АҚШ ЮНЕСКО-дан шығып, 2023 жылы ұйымға қайта мүше болды.

Айта кету керек, бұған дейін АҚШ халықаралық ұйымнан шығуға бел буғанын жазған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу