АҚШ Украинаға COVID-19 дертіне қарсы вакцинаның 900 мың дозасын сыйға тартады, деп хабарлайды Inbusiness.kz Украина басшысы Владимир Зеленскийдің әкімшілігіне сілтеме жасап.
Телефон арқылы сөйлесу кезінде Зеленский пандемияны еңсеру үшін вакцинаның миллионға жуық дозасын беру туралы шешім қабылдағаны үшін АҚШ президенті Джо Байденге алғысын білдірді.
"Бұл препараттар көптеген украиналықтардың өмірін аман алып қалады. Америка Құрама Штаттары Украинамен арадағы стратегиялық серіктестікке адал екенін растады", – деп жазылған ресми мәлімдемеде.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливанның айтуынша, бұған дейін Байден Зеленскийге Владимир Путинмен Украинаның егемендігі туралы сөйлесуге уәде берген көрінеді. АҚШ президенті украиналық әріптесіне Вашингтон Украинаның мемлекеттілігін қорғайтынын білдірген.
Еске сала кетсек, жақында ғана Зеленский Украинаның НАТО-ға кіруі туралы мәселені дереу шешу керек екенін, өйткені елдің тәуелсіздігіне қауіп төніп тұрғанын мәлім еткен еді.
"Менің ойымша, егер бізді НАТО-да қабылдаса, егер олар бізді өз құрамына енгізгісі келсе, бұл мәселені созудың еш себебі жоқ. Қазір бізге қауіп төніп тұр, біздің тәуелсіздігімізге қауіп төніп тұр, дәл қазір бізге көмек керек", – деген еді ол.
Табиғат Нұрболат