АҚШ Ұлыбританиядағы Фэрфорд әуе базасынан B-52H Stratofortress атты бомбалаушы ұшағын алып кетті. Бұл – Boeing компаниясы жасаған, әлемдегі ең танымал әскери ұшақтардың бірі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алыс қашықтыққа ұшатын және ядролық қару таситын аса қуатты америкалық стратегиялық ұшақ Иранға қарсы жүргізген әскери операциясы кезінде қолданылды. Иранның негізгі әскери нысандарына, соның ішінде баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтайтын және өндіріс орындарына соққы жасады. Бұл Иранмен арадағы соғыс тоқтады дегенді білдірмейді.
Ұлыбритания жерінде әлі де АҚШ-тың бомбалаушы ұшақтары бар. Лейкенхит әуе базасына 5 ай бойы Иорданияда болған АҚШ-тың "Strike Eagle" жойғыш ұшағы қайта оралған.
АҚШ пен Ұлыбритания НАТО құрамындағы одақтастар. Иранға қарсы соғыста АҚШ британ жеріндегі әскери базаларды пайдаланғанымен, Альянстағы әскери әлеуетін азайтқысы келеді. Өйткені Дональд Трамптың Ормуз бұғазындағы мәселеге қатысты біраз елге өкпесі бар. Былтыр әлемдік әскери шығын көлемі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл көрсеткіш бойынша ең көп қаржы бөлген ел – АҚШ.
Ал НАТО талаптарына сәйкес ұйымға мүше елдер қорғанысқа жалпы ішкі өнімінің 2 пайызын жұмсауға тиіс. Енді Ұлыбритания қорғаныс саласына шамамен 400 млрд АҚШ долларын бөлмек.
Премьер-министр Кир Стармердің айтуынша, бөлінген қаражатқа ескірген әскери техника жаңартылады. Оның ішінде танктер, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жауынгерлік машиналар мен артиллериялық жүйелер бар.