The New York Times-тың жазуынша, Трамп әкімшілігі бұл әрекетімен АҚШ-тың Николас Мадуро үкіметіне қарсы әскери қысымын күрт күшейтіп тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Толығырақ тарқатсақ, АҚШ құрлық күштерінің 160-шы Арнайы операциялар авиациялық полкіне тиесілі тікұшақтар (алты MH-6 little Bird және үш MH-60 Black Hawk) Венесуэла маңындағы Кариб теңізінің оңтүстігінде жаттығу рейстерін орындаған.
Қазіргі уақытта Кариб теңізі аймағында АҚШ әскерінің саны айтарлықтай артты. Мұнда 10 мыңға жуық америкалық әскери қызметші бар деген ақпарат расталған, олардың көпшілігі Пуэрто-Рикодағы базаларда, сонымен қатар, амфибиялық кемелерде 2200-ге жуық теңіз жаяу әскерлері орналасқан. Кариб теңізі аймағында барлығы сегіз әскери кеме және АҚШ Әскери-теңіз күштерінің сүңгуір қайығы төбе көрсетеді.
Қыркүйектен бері АҚШ-тың арнайы операциялар күштері Венесуэла жағалауындағы 5 кемеге соққы берген. Ақ үйдің дерегінше, олар есірткі тасымалдаумен айналысқан. Соққы салдарынан 27 адам қаза тапқаны айтылады.