АҚШ Мемлекеттік департаменті азаматтарынан АҚШ визасын алу үшін кепілдік жарна талап етілетін мемлекеттердің тізімін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты:
Виза алу үшін кепілдік төлейтін елдердің тізімі: Алжир, Ангола, Антигуа және Барбуда, Бангладеш, Бенин, Бутан, Жаңа Зеландия, Бурунди, Кабо-Верде, Орталық Африка Республикасы, Кот-д’Ивуар, Куба, Джибути, Доминика, Фиджи, Габон, Гамбия, Гвинея, Гвинея-Бисау, Қырғызстан, Малави, Мавритания, Намибия, Непал, Нигерия, Сан-Томе және Принсипи, Сенегал, Тәжікстан, Танзания, Того, Тонга, Түрікменстан, Тувалу, Уганда, Вануату, Венесуэла, Замбия және Зимбабве.
Иммиграция және азаматтық туралы заңға сәйкес, осы елдердің B1/B2 визасына үміткер азаматтары 5000-нан 15000 долларға дейін көлемде кепілдік жарна төлеуі керек. Нақты сома визалық сұхбат кезінде анықталады. Алайда, жарна төлеудің өзі виза алуға кепілдік береді деген сөз емес. Егер виза берілмесе, жарна қайтарылады.
Кепілдік жарна төлегендер АҚШ-қа келу және елден кету үшін белгілі бір әуежайларды ғана пайдаланады.
Атап айтқанда:
- Бостон Логан (BOS);
- Нью-Йорктегі Джон Ф. Кеннеди (JFK);
- Вашингтон Даллес (IAD).
Сондай-ақ, егер Ішкі қауіпсіздік министрлігі АҚШ-тан уақытылы кеткенін, елге кіруден бас тартылғанын немесе виза мерзімінің аяқталғанын тіркесе, кепілдік жарна қайтарылады.