Ресейдің Челябі қаласының тұрғыны алаяқтардың айтқанына еріп, өз пәтерін өртеп жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға туралы ақпарат жергілікті БАҚ пен пабликтерде пайда болды. Челябідегі Молодогвардейцев көшесіндегі көпқабатты үйден құтқарушылар 10 адамды эвакуациялады. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, алайда пәтерлердің бірі қатты жанып кеткен. Кейін өртті пәтердің иесі қойғаны анықталды.
Қаскөй тікелей эфир арқылы әрекет етіп, әйелге нұсқаулықтар беріп отырған. Кадрлардан әйелдің төсекті өртеп жатқанын көруге болады. Ер адам отқа қағаз тастауды және бес минут күтуді сұрайды. Көп ұзамай пәтердің ішін көк түтін басып, әйелдің тыныс алуы қиындағаннан кейін, ол сыртқа қашып шыққан. Ал алаяқ жәбірленушіні пәтерде қалуға көндірмек болған.
Бұған дейін әйел алаяққа 40 мың рубль аударған. Оның ірі көлемде сақтандыру төлемін алатынына сенгендіктен, пәтеріне от қойғаны белгілі болды. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар Челябі облысының тергеу комитеті алаяқтардың арбауына түскен әйелді өлтіруге оқталу фактісі бойынша тексеру жұмыстарын бастады.