Сондай секілді ұсыныс, сұраққа Ұлтты банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап қатты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Еске салайық, Мәжіліс депутаттарының сауалында ауыл шаруашылығын қолдау үшін қамсыздандырылмаған ақша басып шығару туралы мәселе көтерілген еді.
Ұлттық банк басшысы халықаралық тәжірибеден Венесуэла мен Зимбабвенің оқиғасын мысалға келтіріп, мұның экономикалық зардабына тоқталды.
– Орталық банктің "ақша басып шығарудың" мақсаттары мен көлемдеріне қарамастан экономиканы ынталандыруы – тікелей теріс салдары бар экономикалық шара. Оның салдарынан инфляциялық процестер өрістейді. Бұл баға тұрақтылығын сақтауға қайшы келеді. Көптеген елдің эконометрикалық модельдері мен практикалық тәжірибесі қамсыздандырылмаған эмиссияның экономикалық өсуге теріс әсер ететіндігін айқын көрсетеді. Яғни, "ақшаны басып шығару" Үкімет пен Ұлттық Банктің макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылық жолындағы барлық іс-әрекеті мен қол жеткізген прогресін жойып жіберуі мүмкін, – деді ол.
Венесуэла мен Зимбабведе бюджет тапшылығын жабу үшін орталық банктер қосымша ақша массасын басып шығарып, салдарынан миллиондаған пайыздық инфляциялар тіркеген еді.
– Экономиканың кез келген басқа сегменті сияқты ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін ұсынылып отырған нысаналық эмиссия мүмкін емес. Ақша сектор ішінде қалмай, ұсыныс пен өндіріс көлемі арасындағы теңгерімсіздікті тудырып, экономиканың барлық басқа секторына енеді. Бұл өз кезегінде инфляциялық процестердің өсуіне және ұлттық валютаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеледі. Бұл процестер халықтың ең осал топтарына әсер етеді, өйткені инфляция барлығына ықпал етіп, табыс неғұрлым төмен болса, онымен күресу соғұрлым қиын болады. Сондықтан инфляция "кедейлерге салынатын салық" деп аталады, – деп сөзін нақтылады Тимур Сүлейменов.