"Ақша миллиардтап кетті": Депутат құрылғанына он жылдан асқан Astana Hub туралы айтты

193

Технопаркке мемлекеттік қолдау, салықтық жеңілдіктер берілді.  

"Ақша миллиардтап кетті": Депутат құрылғанына он жылдан асқан Astana Hub туралы айтты Фото: nazarmedia

Депутат Анас Баққожаев Astana Hub-қа жұмсалған қаражаттың тиімділігіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілістегі комитет отырысында кейбір заңнамалық актілерге инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды.

"Қазақстанда қандай бағдарламаны алсаңыз да, бұрынғы ең бірінші пайда болған жылдағы бағдарламаны ашсаңыз да, сонда жазылған уәде әлі күнге дейін созылып келе жатыр. Мында "Технопарктің өзін-өзі ақтауына көшуі" деп жазылып тұр. Технопарктің құрылғанына қанша жыл болды? Он жылдан асты. Он жыл бұрын технопарктің бағдарламасын қарасаңыз, "біз өз-өзімізді ақтап, жұмыс істейміз" деген уәде бар. Ол уәде орындалған жоқ. Ақша миллиардтап кетті, мемлекеттік қолдау, салықтық жеңілдіктер берді. Сонда бұрынғы басшылар жұмыс істей алмады ма осы күнге дейін? Егер сонда болса, тексеріс неге ұйымдастырылмайды?", - деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.

Депутат қаржы қайда кетті деген сұрақ қойды.

"Сіздер тексеріске бердіңіздер ме, нәтижесі не болды? Кеше мына Перизат Қайрат 1,5 млрд теңгені ұрлады деп бүкіл Қазақстан шулап жатыр. Ал мында қанша миллиардтап кетуі мүмкін. Біз бұл жоба өзін-өзі ақтайды деп тағы сенеміз, он жылдан кейін осы мәселеге қайтып оралмайтынымызға кім кепіл береді?", - деді мәжілісмен.

Еліміздің аймақтарында оннан астам хаб ашылған.

"Осы сақталған қаражатты және жыл сайын азайып отыратын ақшаны сол аймақтарға беру көзделіп отыр", - деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Қаныш Төлеушин.

Оның айтуынша, мемлекет қаржысын тиімді пайдалану бағытындағы тексерістер жыл сайын өткізіледі.

"Жасыратыны жоқ, келетін қаражат тиімді бағдарламаларға беріледі. Жұмсалған қаражаттың тиімділігі өте жоғары. Сол себептен де "өзін-өзі ақтау" бұл бір жылдың стратегиясы емес. Оған біртіндеп көшу қажет. IT жақсы әлеуметтік-экономикалық әсер ететін сала", - деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу