"Ақшаны қайтармасаңыздар, сот арқылы өндіреміз!" – Әділет Зейнелдің анасы

Бұған дейін сотта фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына орай Астана қаласы әкімдігі мен мәслихат депутаты табыстаған 20 миллион теңгенің есебін Әділет Зейнел берген еді.    

"Ақшаны қайтармасаңыздар, сот арқылы өндіреміз!" – Әділет Зейнелдің анасы Фото: inbusiness.kz

Ал марқұмның анасы Сәлима Омарова сот процесінде қандай да бір материалдық көмек алғаны не алмағаны туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сәлима Омарованың сөзінше, 20 миллион теңгенің қаражаттың 4,5 миллион теңгесін Әділет Зейнелден үлкен қызы қарызға сұрап алған.

– Ауылда әр апта сайын бейсенбілік өткіземіз. Соған қаражат керек болып, үлкен қызым Әділеттен 4,5 миллион теңгені қарызға сұрады. Қызымның несиесі бар екені айтылды, ол несие алты айға тоқтатылды деген соң, үлкен қызым сол ақшаны бере тұруды, кейін 6 айдан соң банктегі несиені өзіміз өтейтінімізді айтқан. Яғни, Әділет өздігінен берген жоқ, біз өзіміз сұрап алдық, – деді ол.

Ал 6 айдан соң, яғни мамыр айында Әділет Зейнелдің анасы қарызға алынған қаражатты қайтаруды талап етіпті. 

– Әділеттің анасы қызыма емес, маған жазды. "Егер қайтармасаңыздар, сот арқылы өндіріп аламыз" деп айтты, – деді Ұлдана Мырзуанның анасы.

Сәлима Омарова бұл қаражатқа ауылында бейсенбілік өткізіліп, Ұлдана Мырзуанның басына құлпытас қойылғанын айтты. Сондай-ақ, Құрбан айт пен Ораза айт кезінде іс-шаралар ұйымдастырылып, қызының рухына Құран бағышталған. Әрі ол ақшаның түбіртегі жоқ екенін, өйткені ауылда бәрі аударым не қолма-қол арқылы ғана жасалатынын жеткізді. 

– Осы уақытқа дейін құдағи деп сыйластығымды білдіріп отырмын. Ол кісіден мұндайды күтпедім. Сол кезде "ақшаны қайтар!" дегені жаныма қатты батты. "Бұл сіздің де ақшаңыз емес, менің де ақшам емес" деп біраз нәрсе жазғанмын. Оның жазған сөздері де, хабарласқаны да бәрі сақтаулы тұр. Көрсете аламын, – деді Сәлима Омарова.

Өзі аталған іске жәбірленуші ретінде қатысу мүмкіндігі туралы сәуір айында ғана шешімге келген. 

– Сәуір айында есімді жиып, жан-жағыма қарай бастадым. Оған дейін іс қозғалып жатқанына хабарым болмады. Әділеттен сұрағанымда, "Бір тексерудің қорытындысы шықты" деген бір ғана хабарды айтты. Одан кейін еш жауап ала алмаған соң, "мен де жәбірленуші бола аламын ба?" деп сұрай бастадым, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу