Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің бұрынғы ректоры Әсет Қалиев кәсіпкер Инесса Мутургановадан пара алғаны үшін сотталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың қыркүйегінде Қалиев БҚМУ ректоры лауазымына орналасқаннан кейін көп ұзамай Мутургановаға "Samruk-Kazyna Trust" қорынан қаражат алуды ұсынған. Ол университет жанындағы онкологиялық науқастарды оңалту бөліміне қаражат алу үшін қорға жүгінуді жоспарлайды.
2023 жылдың қыркүйегінде университет пен қор арасында 249 миллион теңгеге қайырымдылық көмек туралы келісім жасалады. Осыдан кейін Мутургановаға тиесілі "Aspasia LTD", "KIFMED" ЖШС және "Власова" ЖК компаниялары ректордың қолдауымен бірнеше рет тендер жеңіп, жалпы 196 миллион теңгеге жабдық жеткізген.
"Мутурганова Қалиевқа 11 640 000 теңге көлемінде пара беру мақсатында 28 мамырда сағат 12:05-те Ақтөбеге келді. Сол күні сағат 21:35-те "Дастан" қонақ үйінің жанында Мутурганова аталған қаражатты Қалиевқа тапсырды", – деп жазылған сот материалында.
Сол күні кешке Антикор Қалиевтің үйінде тінту жүргізді. Мутургановадан алған ақшасын қауіпсіздік қызметкерлері мұздатқыштан тапты. Ректор мен кәсіпкер кінәсін мойындамады. Қалиев те, Мутурганова да 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.