Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес туралы заң қабылданды

Қазақстан ақшаны жылыстату жөніндегі Еуразиялық топтағы 6 елдің қатарында бар. 

Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес туралы заң қабылданды Фото: ҚМА

Аталған құжатты Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов таныстырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Мәжіліс "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы ережеге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қабылдады. 

– 1989 жылы құрылған FATF (Financial Action Task Force on Money Laundering) ақшаны жылыстатуға және терроризмге қарсы күрес саласындағы халықаралық стандарттарды белгілейді. Бұл стандарттар БҰҰ-ға мүше елдердің бәріне, оның ішінде Қазақстан үшін де міндетті.

Сонымен қатар, елдер FATF түрінде құрылған топтың біріне қатысу керек.

Бүгінгі таңда осындай 9 аймақтық топ құрылған. Сонда ақшаны жылыстатуға және терроризмге қарсы күрес іс-қимыл жөніндегі еуразиялық топты 2004 жылы 6 ел құрған. Қазақстан солардың қатарында, – деді Ж.Елемесов. 

Оның сөзінше, ұйымның хатшылығы – Мәскеу қаласында. 2011 жылы Еуразиялық топ үкіметаралық ұйым мәртебесіне көтеріліп, құрамы 9 елге дейін кеңейген. 9 мемлекеттен өзге 17 мемлекет пен 24 халықаралық ұйым бақылаушы болып тіркеліп отыр. 

– 2012 жылы FATF мандаты қайта кеңейтіліп, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері қосылды. Осыған байланысты хаттама мен келісім мәтіні толықтырылды. Хаттамада Еуразиялық топтың бюджетінің көзі кеңейтілді. Қазір топқа мүше 9 мемлекеттің жетеуі хаттаманы ратификациялады. Осы уақытта Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы құжатты ратификациялау бойынша ішкі мемлекеттік рәсімдерін жүргізіп жатыр. Хаттаманы ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша шығындарды қажет етпейді. Бұл топқа мүше болған 20 жылдың ішінде Қазақстан бір рет 300 мың рубль көлемінде ерікті жарна енгізді. Мақсаттық жарналар нақты міндеттер мен мақсаттарға ғана төленеді, – деді Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу