Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданындағы "Компания Натур Продукт" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне "Агробизнес 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын сары май мен ірімшікке субсидия бөлінеді. Бүгінгі таңда кәсіпорынды кеңейту мақсатында өндіріс қуаттылығын арттыру үшін тәулігіне 70 тонна сүт өңдейтін құрал-жабдықтар алынып, монтаждау жұмыстары басталған. Қосымша бес жұмыс орнының ашылуы жоспарланып отыр, деп хабарлайды blognews.kz.
Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта өндірісті кеңейту мақсатында Ақсу ауылында тәулігіне 150 тонна сүт өңдейтін жаңа зауыт құрылысын жүргізуді жоспарлап отырғанын айта кету керек.
Қазіргі таңда Сайрам ауданының әкімдігі тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарды. Нәтижесінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында 9559,4 млн теңгеге тамақ өнімдері өндірілген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 18,2 пайызды құраған. Салада табиғи түрде 725 тонна сүт өнімдері, 51596 тонна ұн, 60 тонна шұжық өнімдері мен 720,4 мың литр өзге де алкогольсіз сусындар өндіріліп отырғанын айта кеткен жөн.