Жиында өңір басшысы Нұрлан Дүйсенбиновтың Ақсу қаласының әкімі қызметінен өз еркімен босатылғанын хабарлады. Асайын Байханов оған қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Нұрлан Шайхсләмұлы Ақсуды 2022 жылдың наурыз айынан бастап басқарды. Осы уақыт ішінде 6 ауылдық округте 524 пәтерлі 5 үй салынды, 40-тан астам көше жарықтандырылды, су құбырлары жаңғыртылды. Жағажай аумағы абаттандырылды, Ақсу қалалық ауруханасын ауданаралық орталық ауруханаға айналдыру жұмыстары басталды, "Ақсумолл" сауда орталығы ашылды", — деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің өкімімен, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Ақсу қалалық мәслихатының келісімімен Ақсу қаласының әкімі лауазымына Болатбек Шәріпов тағайындалды.
Өңір басшысы жаңа әкімді таныстырып, жұмысына табыс тіледі.