Бұған дейін Павлодар ауданын басқарған Жанат Шұғаев Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еске сала кетейік, металлургтер қаласын басқарған Нұржан Әшімбетов пен облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың көзқарастары бір жерден шықпай, шағын шаһардың басшысы қызметтен босатылған еді. Оған бұрынғы Мәжіліс депутатының жергілікті биліктегі біраз былықтың бетін ашуы себеп болды.
Енді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қалаға жаңа әкімді тағайындады. Аймақтың басшысы ұсынған кандидатураны мәслихат депутаттары бірауыздан мақұлдады.
"Өкінішке қарай, соңғы бір ай ішінде біздің металлургтер қаласының аты бүкіл ел аузында. Ақсудың бұрынғы әкімі тарапынан айтылған сөздер БАҚ беттерінен түспеді. Мен оның әрбір айтқан сөзінің құзыретті органдар тарапынан зерттеліп, әлі де тексеруден өтіп жатқанына сендіргім келеді. Нұржан Кемерұлының бірқатар мәлімдемелерін мемлекеттік органдар ресми түрде теріске шығарып та үлгерді. Басқа мәселелер бойынша тексерулер жүріп жатыр. Қала әкімдігі ұжымының ішінде қалыптасқан жағдай да қоғам талқысына түсті. Соның салдарынан Ақсу қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері төмендеп барады. Әсіресе, мұның бәрі Ақсу қаласының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында орын алғаны өкінішті. Сондықтан қазір барлық ресурстар жағдайды тұрақтандырып, қала мен оның ауылдық аймағының даму қарқынын күшейту үшін жұмылдырылуы тиіс", - деді Әбілқайыр Сқақов.
Шаһардың жаңа әкімі облысқа жат адам емес. Павлодар облысының тумасы Жанат Шұғаев 1983 жылы Целиноград ауылшаруашылық институтын "ғалым-агроном" мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын "Маяк" кеңшарында бастады. Одан соң Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарындағы жеке меншік кәсіпорындар жұмыс істеді.
2009–2012 жылдары Павлодар облысы Железин ауданының әкімі, 2012–2013 жылдары Ертіс ауданының әкімі қызметтерін атқарды. 2013 жылдан 2014 жылға дейін Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасын басқарды. 2014 жылдан 2018 жылға дейін Тереңкөл ауданының әкімі болып еңбек етті. 2018 жылдың қыркүйегінен бүгінгі күнге дейін Павлодар ауданының әкімі болды.
Ажар Дәулетова