Алматы облысындағы Ақсу қант зауытын қалыпқа келтіруге 8 млрд теңге жұмсалмақ. Оның 6 млрд теңгесі инвестор қаржысы. Қалғанын жергілікті билік "Жетісу" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бөліп береді. Кәсіпорын биыл 1 желтоқсанда іске қосылса, 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Ал маусымдық науқан кезінде еңбеккерлер саны 700-ге жетеді деген жоспар бар. Тіпті Жансүгіров кентінде зауыт қызметкерлеріне арнап 20 пәтерлі тұрғын үй салынатын болды. Бұл жөнінде Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың Ақсу ауданына іс сапары барысында белгілі болды. Кәсіпорын ашылысымен, 3 бірдей ауданның тәтті түбір тасымалдаудағы проблемасы шешіледі. Өңірде қызылша алқаптары да артпақ. Биыл облыста 9 мың гектарға осы дақыл себіледі. Қазірдің өзінде мұнда көктемгі егістік жұмысы қызу жүріп жатыр.
Сәкен Мұратов, "Энергомост" ЖШС басқарушы директоры
Бұл зауыт 10 жыл бойы тұрып қалған. Біз инвестор ретінде зауытты іске қосуға бар күшімізді салып жатырмыз. Әрине, өз қиындықтары бар. Ол болады да. Бірақ, соған қарамастан, кәсіпорынды жаңалап, ел игілігіне жұмыс істететпекшіміз. Жылына 300 мың тонна қызылша өңдеуге қауқарлы болады.
Автор: Арай Сүгірбай