Ақсу қант зауытын жаңғыртуға 8 млн теңге бөлінеді

1235

Ақсу қант зауытын жаңғыртуға 8 млн теңге бөлінеді

Алматы облысының әкімдігі мен "Энергосмост" консорциумы Ақсу қант зауытын іске қосу жөнінде өзара ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен қант қызылшасы өндірісін дамыту жөніндегі жиында белгілі болды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Құжатқа облыс әкімдігі тарапынан облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров және инвестор жағынан "Энергосмост" консорциумының даму жөніндегі директоры Сәкен Мұратов қол қойды.

С. Мұратовтың айтуынша, қазіргі кезде Ақсу қант зауытын жаңғырту жобасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Жалпы бұл жобаға биылғы жылы 8 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр, оның 2 млрд теңгесін "Жетісу" ӘКК арқылы облыс әкімдігі бөлген. Негізгі технологиялық құрылғыларды ауыстыру, ғимаратты жөндеу, отын сатып алу, ТЭЦ-ті қалпына келтіру, мамандарды іріктеп, қайта оқыту т.с.с.  атқарылатын жұмыс ауқымды.

"Жоспар бойынша Ақсу қант зауыты жылдың соңына қарай іске қосылады. Ал қыркүйектің соңы – қазанның басында шикізат қабылдана бастайды. Жалпы биылғы жылы 80-100 мың тонна қант қызылшасын өңдейміз деп жоспарлап отырмыз", – деді С. Мұратов.

Облыс әкімі А. Баталов Ақсу қант зауытының іске қосылуы – тарихи маңызды оқиға болатынын айтты.

"Біз зауыттың іске қосуға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Оған біздің барлық жағынан мүмкіндігіміз бар. Тек бірлесіп, еңбек етсек қана, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз", – деді Амандық Баталов.

Облыстағы қант қызылшасын өсірудің негізгі бағыттары мен міндеттері туралы облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров баяндады.

С. Бескемпіровтің айтуынша, биылғы жылы қант қызылшасының алқабын 9 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Ақсу ауданында – 1600 гектар, Алакөл ауданында – 500 га, Ескелді – 1850 га, Қаратал – 1100 га, Көксу  - 1700 га, Сарқан – 1600 га, Қапшағай қ. – 568 га, Талдықорған қ. – 82 га.

Сервистік-дайындау орталықтарын құруға, қант қызылшасының  шетелдік тұқымын сатып алуға облыс бюджетінен 1,4 млрд. теңге бөлінген. Биылғы жылы сервистік-дайындау орталықтары Алакөл, Ақсу аудандарында және Қапшағай қаласында құрылып, Сарқан ауданындағы қолданыстағы СДО-ға қосымша тағы техникалар алынады. Қазіргі кезде 96 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізуге келісімшарт жасалды.

Бұдан әрі баяндамашы биылғы жылы шаруалар қант қызылшасының әр тоннасына 17 мың теңгеден алатынын, оның 8 мың теңгесін зауыт төлесе, 9 000 теңгесін субсидия түрінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өтейтінін айтты. Сонымен қатар минералды тыңайтқыш шығынын 50%-ке дейін, гербицид – 40 %, тұқым шығыны – 70%-ке дейін, сол сияқты суармалы су жеткізуге байланысты шығынның 50 %-і субсидияланады.  

Көксу қант зауытының жұмысын одан әрі жетілдіру туралы "Орталық Азия қант корпорциясы" ЖШС атқарушы директоры Галина Баймұрзаева айтып берді. Оның айтуынша, зауытта қант қызылшасын өңдеу ісі толық аяқталған. Жалпы зауыт бір маусымда 240 мың тонна тәтті түбір қабылдап, өңдеді. Өнімнің төлемі жайына тоқталсақ, барлық қаржылық операция биылғы жылдың 10-15 наурыз айына дейін аяқталады. Сөйтіп, зауыттың шаруалар алдындағы міндеттемелері толық орындалатын болады.

Облыс әкімі Амандық Баталов өз кезегінде зауыт өкіліне атқарған ауқымды жұмыстары үшін ризашылығын жеткізді:

"Көксу қант зауыты өте көлемді өнім қабылдап, өңдеді. Жұмыс барысында аздаған мәселелер туындады, онсыз болмайды, жұмыстың аты жұмыс, қиындықсыз жемісті еңбек жоқ. Ең бастысы біз оны бірлескен әрекеттің нәтижесінде жедел әрі тиімді шештік. Алға қойған міндетімізді сәтті аяқтай алдық", – деді өңір басшысы.

Жарыссөзге шыққан қызылша себетін аудандардың шаруа қожалықтарының иелері жұмысты одан әрі жандандыру жайын баяндады. Зауытпен екі жақты келісім жасасу, қолданыстағы техникаларға қосымша тағы да техника бірлігі қажеттігі туралы өз ұсыныс, ойларын білдірді. Облыс әкімі қосымша техника сатып әперу жағынан жанды көмек болатынына сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу