Ақсуатта айтыс өтіп жатқанда байланыс желілері өшіп қалған

1437

31 шілде күні Абай облысына қарасты Ақсуат ауданында айтыс өтіп жатқанда Көкпекті мен Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында ұялы байланыс тартпай, интернет өшіп қалған.

Ақсуатта айтыс өтіп жатқанда байланыс желілері өшіп қалған

Аталған мәселені айтысқа барған азаматтар растап отыр. Белгілі болғандай байланыс 1 тамыз күні сағат 00.00-ден кейін ғана қалпына келген.

– Айтыстан болуы мүмкін. Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті аудандарында байланыс болған жоқ, интернет мүлдем болған жоқ. Айтыстың видеолары тарап кетіп, жақын аудандар жиналып кетіп, билікке талап қойып жүрмесін деп бұғаттаған шығар, – дейді айтыста болған Айдын Егеубаев есімді азамат.

Дәл сол күні Зайсан ауданында да интернет өшкен. Ауыл тұрғыны Зәуре Баймұхамбетованың айтуынша, ауылға мүлгіген тыныштық орнапты.

– Зайсанда кеше түнгі сағат 24:00-ге дейін толық байланыс өшіп қалды. Beeline ғана ұстап, мүлгіген тыныштық болды, – дейді Зәуре Баймұхамбетова.

Ал журналист Азамат Қасым интернеттің әлсіреуін айтыспен байланыстырып отырғанын жазуда.

– "Асыл домбыра" айтысының бас жүлдесін Ринат Зайытов алды. Ақсуатта интернет бұғатталып, біраз жұрт хабарсыз қалған соң жазып отырмын."Кім жеңді?" деп сұрап жатқан кісі көп. Интернеттің әлсіреуіне айтыскердің кешегі сұрапыл айтысы, бүгін финалға шығуы әсер еткен секілді..., – дейді ол.

Тарбағатай ауданының әкімдігі бұл жағдайды айтысқа жиналған адам санының шамадан тыс көп болуымен байланысты дейді.

– 31 шілде күні ауданда интернет нашар болды. Себебі келушілер жоспардан тыс көп жиналды. Мұндайда аппарат көтере алмады, шет жақтарында ғана ұстады, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері Балжан Жайлауғазиева.

Таунар Қайратұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу