Ақсу қаласында 2023 жылы туған бала көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зардап шеккен бала дереу қалалық ауруханаға жеткізіліп, кейін Павлодар облыстық ауруханасына ауыстырылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, жедел жәрдем шақыртуы 11 маусым күні сағат 13:16-да түскен. Үш минут ішінде медицина қызметкерлері оқиға орнына жетіп, алғашқы көмекті көрсеткен.
– Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан бала ота кезінде қайтыс болды. Алған жарақаттары өте ауыр және өмірмен үйлесімсіз еді. Жыл басынан бері Павлодар облысында балалардың терезеден құлауының үш жағдайы тіркелді, – деп хабарлады өңірлік балалар ауруханасынан.
Айта кетейік, Павлодар облысында балалардың терезеден құлауына қатысты бірнеше жазатайым оқиға тіркелген. Екібастұз қаласында да осындай жағдай болып, бесінші қабаттан құлаған бала аман қалып, қазіргі уақытта ауруханадан шығарылған. Ал, Алматыда жыл басынан бері төрт бала терезеден құлап кеткен.
Ақсудағы оқиға бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр.
– Кәмелетке толмаған жәбірленушінің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді тиісінше орындамау дерегі бойынша барлық мән-жайларды жан-жақты және объективті түрде анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады, – деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.