Ақсудағы онсыз да қымбат жылу тарифі тағы 1,4 есеге өсуі мүмкін

692

Бұл тұрғындар мен кәсіпкерлердің қалтасына салмақ салайын деп тұр. 

Ақсудағы онсыз да қымбат жылу тарифі тағы 1,4 есеге өсуі мүмкін

Қазіргі таңда металлургтер шаһары Ақсу ферроқорытпа зауытындағы қазандықтар арқылы жылытылады. Жаңа жылу маусымында жаңа қазандық та іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жаңа қазандық 2020 жылы тұрғын үйлер мен әлеуметтік, бизнес нысандарды жылытуы тиіс еді. Бірақ жобаны жоспарлау кезінде ескерілмеген олқылықтар, қаржының аздығы мен тарифтің тым жоғары болуы салдарынан бұл мерзім кейінге шегерілді. Бюджеттен қосымша 170 млн теңге қарастырылып, іске қосуға дайындық жұмыстары қайта жалғасты. Бүгінде бұл шаралар аяқталуға таяу. Десе де, тариф мәселесі әлі күнге дейін шешілген жоқ. 

Қазірдің өзінде ақсулықтар ескі қазандық есебінен жылу алып отырғаны үшін бір шаршы метрге 97,72 теңге төлейді. Бұл – елдегі ең жоғары тарифтердің бірі. Орта есеппен алғанда, екі бөлмелі пәтердің иесі ай сайын орта есеппен жылуға 5 мың теңге, ыстық суға 1 мың теңге көлемінде коммуналдық ақы төлеуі тиіс. Жаңа қазандық пайдалануға берілсе, бұл сома одан да асып түсуі әбден мүмкін. 

"Бұл қазандық – өте ұзаққа созылған жобалардың бірі. Қазіргі уақытта технологиялық тұрғыдан алғанда ол іске қосылуға дайын. Алайда тариф мәселесі тұрғындардың да, менің де көңіліме жақпай отыр. Алдын-ала есептеулер бойынша, көмірді субсидиялау, инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу бағыттарында қолдау көрсетілсе де, жылу ақысы 1,4 есеге өсуі ықтимал. Бұлай болмауы тиіс. Тариф ары кеткенде 20-25%-ға ғана өсуі керек. Сондықтан қала басшылығы мен орынбасарыма тиімді тетіктерді қарастыру туралы тапсырма бердім", – дейді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. 

Жаңа қазандықтың құрылысына бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген болатын. 

Құндыз Қабылденова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу