Өкінішке қарай, Павлодар облысында егде тартқан адамдарды азаптап, оларға күш көрсету жағдайы тыйылмай тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жанға батар жайсыз жағдайдың тағы бірін Ақсу қаласының прокурорлары әшкере қылды. Бұл қалада жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын пансионаттардың бірінде қарттарға қатыгездік көрсету фактілері анықталды.
Құзырлы орган өкілдері мекемеде түсірілген бейнежазбаларды зерттеу барысында жантүршігерлік жағдайдың бетін ашты. Пансионат қызметкерлері егде тартқан дәрменсіз екі қартты ұзақ уақыт бойы қорлап, үнемі зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Жәбірленушілердің бірі 84 жаста. Пансионат жұмысшыларының қатыгез болғаны соншалық, қарияларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулаға шығарып жіберген.
Аталған факт бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта кінәлі барлық адам анықталды.
Осыдан небары бір ай бұрын осындай жағдай Павлодар қаласындағы пансионатта да орын алған болатын. Мұндағы жеке меншік пансионат қызметкерлері мүгедектігі бар зейнеткерлерді үнемі ұрып-соғып, олардың тамақтануына, қозғалуына кедергі келтірген. Ол аздай қайтыс болған қарттардың пәтерлерін ұзақ уақыт бойы жалға беріп, одан түскен ақшаны қалталарына басып келген.
Бұл іс бойынша да сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.